TSPM
logo
Артқа

Alatau City-ден «Формула-1»-ге дейін: Алматыда CREW Central Asia 2026 форумы аяқталды

Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлікті дамыту және басқару саласындағы халықаралық CREW Central Asia 2026 форумы аяқталды. Іс-шараға Қазақстан, Орталық Азия, Еуропа және АҚШ-тан 200-ден астам қатысушы жиналды. Екі күн бойы сала өкілдері инвестициялар, жаңа қалаларды дамыту, коммерциялық жылжымайтын мүлікті трансформациялау, заманауи технологиялар және активтерді тиімді басқару мәселелерін талқылады.

Форум FIABCI Central Asia Халықаралық жылжымайтын мүлік федерациясының қолдауымен өтті. Бас серіктесі — BI Group компаниясы.

Биылғы форумның Market. Influence. Future. («Нарық. Ықпал. Болашақ») тақырыбы бүгінде саланың дамуын айқындайтын өзгерістерді бейнеледі. Жаңа технологиялар, экономикалық орталықтардың пайда болуы және инвестициялық стратегиялардың қайта қаралуы бизнестен шешімдерді жедел қабылдауды, кәсіби сараптаманы және ынтымақтастыққа дайын болуды талап етеді.

2.jpg

Халықаралық диалогтың маңыздылығын форум қатысушыларына арнаған бейнеүндеуінде FIABCI Халықаралық жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Лили Чанг (Lily Chang) атап өтті. Ол федерацияның Орталық Азиядағы бөлімшесінің білім алмасу мен кәсіби байланыстарды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, қатысушыларды идеялармен белсенді алмасуға, серіктестер табуға және жаһандық қауымдастықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Халықаралық тәжірибе мен инвестициялардың өңірдің дамуына қалай ықпал ете алатынының бір мысалы ретінде Alatau City жобасы талқыланды. Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы жаңа экономикалық орталықты дамыту форумның алғашқы күніндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Қатысушылар өнеркәсіп, логистика және цифрлық экономиканы дамыту перспективаларын, сондай-ақ инвесторларды тарту мен девелоперлік жобаларды жүзеге асыру шарттарын қарастырды.

Бұл бағыттардың дамуы коммерциялық жылжымайтын мүлікке деген жаңа сұранысты қалыптастыруы мүмкін. Ол қойма және өндірістік кешендерден бастап кеңсе және сауда нысандарына дейінгі бағыттарды қамтиды. Бұл ретте қаланы дамыту стратегиясы мен нақты инвестициялық шешімдердің өзара байланысы ерекше маңызға ие.

179.jpg

«Alatau» АЭА басқарушы компаниясының бас директоры Айдан Рамазан атап өтті:

«Жоба заманауи қалалық инфрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындары, логистикалық кешендері, іскерлік орталықтары және коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандары бар жаңа экономикалық ортаны қалыптастыруды көздейді. Бұл әлеуетті іске асыру үшін қалалық жоспарлау, цифрлық экономика және бизнеске арналған арнайы жағдайлар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі қажет».

Өсудің жаңа нүктелері туралы әңгіменің жалғасы SPEED OF MARKET — «Орталық Азияның өнеркәсіптік және логистикалық инфрақұрылымы» сессиясы болды. Оның аясында өндірісті дамыту, сауда және тауар қозғалысы мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар үшін заманауи қойма инфрақұрылымы өсудің маңызды шарттарының біріне айналып отыр.

Griffin Logopark Almaty компаниясының атқарушы директоры Роман Фотиев қойма жылжымайтын мүлкіне сұранысты қалыптастыратын факторларды атап өтті:

«Тарихи тұрғыдан алғанда, қойма жылжымайтын мүлкінің өсуінің негізгі қозғаушы күштері — сауда айналымының артуы және электрондық коммерцияның дамуы. Сонымен қатар іргелі факторлар да бар: халық санының өсуі, урбандалу, тұтыну нарығының дамуы және сауда желілері ассортиментінің кеңеюі. Мұның барлығы заманауи логистикалық алаңдарға тұрақты ұзақмерзімді сұранысты қалыптастырады».

Форумның екінші күні талқылаулардың негізгі назары жекелеген жобалардың қала өміріне ықпалына ауды. SPEED OF CHANGE. City Development блогындағы панельдік пікірталас нүктелік құрылыстан қалалық ортаны жүйелі дамытуға көшу мәселесіне арналды. Атап айтқанда, көлік тораптарын коммерцияландыру, туристік ағын мен қонақүй жылжымайтын мүлкін дамыту, MICE-туризм мен ірі іс-шаралардың инфрақұрылымға әсері қарастырылды.

Мұндай жобалар жекелеген аумақты ғана өзгертіп қоймай, қалалық қозғалыс бағыттарын жаңартады, жұмыс орындарын ашады және жаңа қызметтерге сұраныс қалыптастырады. Әуежай іскерлік белсенділіктің орталығына айналса, қонақүй туризмнің дамуына ықпал етеді, ал ірі іс-шаралар көлік, сауда және сервистік инфрақұрылымның дамуына серпін береді.

Бұл тұрғыда девелопердің рөлі кеңейе түседі: нысанның қаламен қалай байланысатынын, тұрғындар мен бизнеске қандай пайда әкелетінін және бірнеше жылдан кейін қаншалықты сұранысқа ие болатынын түсіну маңызды. Жекелеген жоба мен тұтас аумақтың дамуы арасындағы байланыс оның ұзақмерзімді құндылығын айқындайды.

Қалалық ортаның сапасы туралы әңгімені америкалық сәулетші, Gallaudet University (АҚШ) жанындағы DeafSpace Project жобасының негізін қалаушылардың бірі Хансель Бауманның (Hansel Bauman) баяндамасы жалғастырды. Ол есту қабілеті бұзылған адамдардың қабылдау және коммуникация ерекшеліктерін ескеретін инклюзивті сәулет тұжырымдамасын таныстырды.

Коммерциялық жылжымайтын мүлік үшін бұл тәсілдің практикалық маңызы зор. Жарықтандыруға, кеңістікті шолуға, өту жолдарын ұйымдастыруға және қарым-қатынас жасау ыңғайлылығына назар аудару әртүрлі пайдаланушыларға қолайлы кеңістіктер құруға мүмкіндік береді. Осылайша, нысанның сапасы оның техникалық сипаттамаларымен ғана емес, адамның қажеттіліктеріне қаншалықты жауап беретінімен де өлшенеді.

Сәулеттік және инвестициялық шешімдермен қатар форум қатысушылары тұрақты өзгерістер жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін басқару тәсілдерін де талқылады. Ең жарқын оқиғалардың бірі — Формула-1-де 20 жылдан астам тәжірибесі бар испаниялық жарыс инженері Чеви Пужолардың (Xevi Pujolar) баяндамасы болды.

Ол жоғары жылдамдық пен жауапкершілік жағдайында шешім қабылдау тәжірибесімен бөлісіп, дайындықтың, командалық жұмыстың және тиімді басқарудың маңызы туралы айтты. Оның баяндамасы форум тақырыбын әлемдегі ең технологиялық және бәсекеге қабілетті салалардың бірінің тәжірибесімен байланыстырды. Бұл салада нәтиже әрбір әрекеттің дәлдігі мен команданың үйлесімді жұмысына тәуелді.

Талқылаулардың ортақ мақсаты — тәжірибе алмасуды бизнес мүмкіндіктеріне айналдыру екенін CREW жетекшісі және FIABCI Central Asia президенті Әлия Серікпаева атап өтті:

«Биыл CREW Central Asia форумы он төртінші рет өтіп отыр. Нарық өзгеруде, жаңа мүмкіндіктер пайда болуда, алайда біздің мақсатымыз өзгеріссіз қалады: Қазақстан мен Орталық Азияға халықаралық тәжірибені, білім мен инвестицияларды тарту, нарық қатысушыларының кәсіби сараптамасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Біз өңірдегі перспективалы жобалардың мүмкіндігінше көбірек инвесторлар мен серіктестер табуын, ал форум аясындағы кездесулердің нақты мәмілелер мен бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктерге ұласуын қалаймыз».

Форумның салтанатты қорытындысы 23 қазанда гала-кеш барысында өткен CREW Awards 2026 марапаттау рәсімі болды. Сыйлық жылжымайтын мүлікті басқару, девелопмент, кеңсе және сауда сегменттері, икемді кеңістіктер, брокерлік және консалтингтік қызметтер саласындағы компаниялардың, жобалардың және мамандардың жетістіктерін атап өтті.

203.jpg

Өтінімдерді Қазақстан, АҚШ, Индонезия, Гонконг, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мамандардан құралған халықаралық қазылар алқасы қарастырды. Оның құрамына FIABCI мүшелері мен консалтингтік компаниялардың өкілдері кірді. Сарапшылар қатысушылардың нәтижелерін әр номинацияның ерекшеліктерін ескере отырып бағалады.

CREW қызметі жыл сайынғы форуммен шектелмейді. CREW Education білім беру бағдарламалары, CREW Club кәсіби қауымдастығы, салалық іс-шаралар және CREW Community Journal арқылы команда тәжірибе алмасуды қолдап, халықаралық байланыстарды нығайтады және жаңа жобалар мен іскерлік ынтымақтастыққа мүмкіндіктер жасайды.

Дереккөз: CREW Central Asia