Ірі кеңсе мәмілесі: Allur Trapiche бизнес-орталығынан кеңсе алаңдарын жалға алды
Allur компаниясы Алматыдағы Trapiche бизнес-орталығынан 2,2 мың шаршы метр кеңсе алаңын жалға алды. Мәміленің консультанты – Bright Rich | CORFAC International.
Allur – автомобильдерді өндірумен, дистрибуциялаумен және сатумен айналысатын қазақстандық компания. Компанияның портфеліне Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Škoda, Geely Galaxy, Soueast және MG брендтері кіреді. Allur-дың өндірістік алаңы Қостанай қаласында орналасқан және жылына 127 мыңға дейін автокөлік шығаруға қауқарлы.
Алматыдағы негізгі кеңсесін таңдау барысында компания дамыған инфрақұрылымы мен автотұрақ орындарының жеткілікті саны бар заманауи жоғары санатты бизнес-орталықтарды қарастырды. Trapiche бизнес-орталығында Allur толық жиһазбен жабдықталған, пайдалануға дайын кеңсе кеңістігін жалға алды. Бұл компанияға көшу процесін жедел ұйымдастыруға және қызметкерлер үшін жайлы жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Ірі кәсіпорындар үшін негізгі кеңсесінің заманауи әрі функционалды ғимаратта орналасуы маңызды. Бұл қызметкерлердің қанағаттану деңгейіне тікелей әсер етіп, жұмыс берушінің тартымдылығын арттырады. Сонымен қатар, компанияның имиджі мен кеңсе сапасының арасында өзара байланыс бар», – дейді Bright Rich | CORFAC International Kazakhstan серіктесі, директоры Артемий Пестовский.
Trapiche бизнес-орталығы 2025 жылы пайдалануға берілді. Нысанның жалпы ауданы – 7 мың шаршы метр. B+ санатындағы бизнес-орталық Алматы қаласының Медеу ауданындағы Василий Радлов көшесінде орналасқан. Ғимараттағы кеңсе орындары дайын әрлеумен жалға ұсынылады.