Белсенді құрылысқа қарамастан Алматының кеңсе нарығында сапалы алаң тапшылығы сақталуда
Алматының кеңсе жылжымайтын мүлік нарығы тұрақты өсім көрсетіп, Қазақстандағы коммерциялық жылжымайтын мүліктің ең тартымды сегменттерінің бірі болып қала беруде. Құрылыс көлемінің артуына және бос алаңдардың көбеюіне қарамастан, бизнес әлі де сапалы кеңсе алаңдарының, әсіресе ірі блоктардың тапшылығына тап болып отыр.
Бұл үрдістер Алматыда 20–21 мамыр күндері өткен Bright Rich Forum барысында талқыланды.
Bright Rich | CORFAC International Kazakhstan серіктесі әрі директоры Артемий Пестовскийдің мәліметінше, 2024 жылдың басынан 2026 жылдың мамырына дейін қалада 98,3 мың шаршы метр жаңа кеңсе жылжымайтын мүлкі пайдалануға берілді. Осы кезеңде бос алаңдардың көлемі 13,8 мыңнан 62,1 мың шаршы метрге дейін өсіп, вакансия деңгейі 1,25%-дан 3,6%-ға дейін көтерілді.
Алайда ұсыныстың артуы әзірге жалдау құнының төмендеуіне әкелген жоқ. Керісінше, соңғы екі жылда А класты бизнес-орталықтардағы жалдау мөлшерлемесі 5,6%-ға өсіп, бір шаршы метр үшін айына 21,3 мың теңгеден 22,5 мың теңгеге жетті.
Артемий Пестовскийдің айтуынша, нарықта сапалы кеңсе алаңдарының тапшылығы әлі де сақталып отыр.
«Вакансия деңгейінің өсуіне қарамастан, Алматыда кеңсе тапшылығы және ірі блоктардың жетіспеушілігі сақталуда. Бұл жалдау мөлшерлемелерін жоғары деңгейде ұстап тұр. Сонымен бірге ескі ғимараттардың меншік иелері болашақта бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін бүгіннен бастап нысандарды жаңғыртуға және басқару сапасын жақсартуға инвестиция салуы қажет», – деді сарапшы.
Жалға алушылардың талаптары да өсуде. Freedom Finance басқарушы директоры Мария Сергеева компаниялар бүгінде тек жалдау құнына ғана емес, ғимаратты пайдалану сапасына, техникалық құжаттаманың болуына және заманауи инженерлік жүйелерді енгізу мүмкіндігіне де назар аударатынын атап өтті.
Бизнес-орталықтардың инфрақұрылымының жай-күйі ерекше маңызға ие болуда. Сарапшының айтуынша, дамыған нарықтарда ғимараттардың қасбетін сақтай отырып, ішкі инженерлік жүйелерді толық жаңарту тәжірибесі кеңінен таралған.
Бизнес тарапынан жоғары сұранысты нарық көрсеткіштері де растайды. Bright Rich | CORFAC International деректеріне сәйкес, 2024 жылы жалға алынған кеңсе алаңдарының көлемі 119,2 мың шаршы метр болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 125 мың шаршы метрге жеткен.
Тұрақты сұраныс аясында кеңсе жылжымайтын мүлігіне тұрғын үй девелоперлері де қызығушылық таныта бастады. Saba Group компаниясының CEO-сы Қайрат Даниевтің айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етуде.
Алматыда елдің ең ірі компанияларының шамамен 70%-ының кеңселері орналасқан, халық саны мен іскерлік белсенділік өсіп келеді. Сонымен қатар салықтық реттеудегі өзгерістер тұрғын үйді жалға беру мақсатында сатып алуға қарағанда коммерциялық жылжымайтын мүлікке инвестиция салуды тартымдырақ етті.
Сонымен бірге нарықтың одан әрі дамуына құрылысқа арналған жер телімдерінің тапшылығы мен құрылыс құнының өсуі кедергі келтіруде. Нарық қатысушыларының бағалауынша, толық әрленген заманауи бизнес-орталық салу құны бір шаршы метр үшін 5 мың АҚШ долларынан асты.
Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, сарапшылар сегменттің одан әрі дамуын күтуде. Бизнестің жоғары шоғырлануы, мегаполис экономикасының өсуі және сапалы алаңдардың тапшылығы заманауи кеңселерге сұранысты қолдап, жаңа жобалардың пайда болуын ынталандырады.