TSPM
logo
Артқа

ЕАДБ және Griffin Partners А+ класты қойма кешені жобасын іске қосады

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) мен халықаралық девелопер Griffin Partners Орталық Азиядағы қойма жылжымайтын мүлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Алғашқы бірлескен жоба – жалпы ауданы 125,4 мың шаршы метрді құрайтын А+ санатындағы Griffin Logopark Almaty логистикалық кешенінің құрылысы. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 125 млн АҚШ долларын құрайды.


Жаңа ірі логистикалық хаб


Кешен Алматының солтүстік бөлігінде, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (БАКАД) маңында, Алматы – Қонаев – Қытай автожолына тікелей шығатын жерде орналасады. Нысан цифрлық, технологиялық және логистикалық орталық ретінде дамып келе жатқан Alatau City құрамына енеді.

Құрылыс екі кезеңмен жүзеге асырылады. Ауданы 62,7 мың шаршы метр болатын бірінші кезеңді 2027 жылдың III тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 1 000 жаңа жұмыс орны ашылып, тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, Алматы агломерациясының логистикалық инфрақұрылымы нығаяды деп күтілуде.



Жалға алушыларға және логистиканың тиімділігіне басымдық


Логопарк халықаралық FMCG-компаниялардың өндірістік және логистикалық нысандарының жанында орналасады. Мұндай орналасу жалға алушыларға тасымалдау қашықтығын қысқартуға, жеткізу тізбегін оңтайландыруға және логистикалық операциялардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рахымбаевтың айтуынша, бұл жоба өңірдің Қазақстандағы негізгі логистикалық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып, инвестиция тартуға және көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға ықпал етеді.



Қойма жылжымайтын мүлігі нарығы дамуын жалғастыруда


IBC Global нарық қатысушыларының мәліметінше, Алматы өңірінде Қазақстандағы сапалы қойма қорының шамамен 60%-ы шоғырланған және ол елдің ең ірі логистикалық хабы болып қала береді.

2025 жылы өңірде жаңа қойма алаңдарының пайдалануға берілу көлемі рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 320 мың шаршы метрді құрады. Соның нәтижесінде бос алаңдардың үлесі 4,9%-дан 5,6%-ға дейін өсіп, орташа жалдау құны жылына бір шаршы метр үшін 120 АҚШ долларына дейін түзетілді.

Сонымен қатар, Қазақстанның заманауи қойма алаңдарымен қамтамасыз етілу деңгейі әлі де дамыған нарықтармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болып отыр. Бұл жаңа девелоперлік жобаларды іске асыру үшін жоғары әлеуеттің сақталып отырғанын көрсетеді.



Қойма инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңі


ЕАДБ мәліметінше, Griffin Partners-пен серіктестік Орталық Азияда заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған және банктің Еуразияның көлік-логистикалық қаңқасын қалыптастыру стратегиясына сәйкес келеді.

Өз кезегінде Griffin Partners жаңа логопарк Қазақстанның жетекші ұлттық және халықаралық компанияларын орналастыратын алаңға айналып, Alatau City аумағының әрі қарай дамуына және елдегі сапалы қойма жылжымайтын мүлігі нарығының өсуіне серпін береді деп күтеді.