Қазақстандық бизнес Өзбекстанда 84 млн долларлық логистикалық орталық салуға инвестиция салады
Қазақстандық бизнес Өзбекстанда ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға кірісті. Ташкент қаласында Көпбейінді заманауи логистика орталығының (КЗЛО) бірінші кезеңін салуға арналған EPC-келісімшартқа қол қойылды. Жоба Орталық Азиядағы ең ірі жеке логистикалық инфрақұрылым нысандарының біріне айналмақ. Бұл туралы TengriNews PTC Holding компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Келісімшарт Silkway CA бірлескен кәсіпорны мен қытайлық China Railway Construction Engineering Group компаниясы арасында жасалды. Құжат жобаны EPC моделі бойынша — жобалаудан бастап құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беруге дейін толық жүзеге асыруды көздейді.
Келісімге Silkway CA БК бас директоры Данияр Тиесов пен CRCEG компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша бас директордың орынбасары Тянь Чжэньхуа қол қойды.
Құрылыстың бірінші кезеңіне салынатын инвестиция көлемі 84 млн долларды құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі 2025–2030 жылдарға жоспарланған, ал бірінші кезеңді 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр. Логистикалық орталық Ташкент облысында 159,4 гектар аумақта орналасады.
Данияр Тиесовтың айтуынша, жоба Орталық Азияның транзиттік әлеуетін күшейтіп, Еуразиялық көлік дәліздерінің дамуына маңызды үлес қосады. «Жобаның мақсаты — өңірдің экспорттық әлеуетін дамыту және теміржол арқылы контейнерлік тасымалдардың үлесін кемінде екі есе арттыру. Жаңа хаб PTC Holding инфрақұрылымын толықтырады. Оның ішінде Қытаймен шекарадағы Dostyk TransTerminal терминалы мен Грузиядағы мультимодальды Поти ТрансТерминал терминалы бар», — деді ол.
Құрылыстың операторы ретінде PTC Holding және «Узбекистон темир йуллари» АҚ қатысуымен құрылған Silkway CA бірлескен кәсіпорны белгіленді. PTC Holding мәліметінше, жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы үкіметаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Логистикалық орталықтың құрылысына ресми старт 2025 жылдың қараша айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен берілген.