Қазақстанда базарлардың жұмыс істеу қағидалары өзгертілуде
Қазақстанда сауда базарларын жаңғырту мерзімі 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz. Тиісті шешім бірқатар нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстарының кешігуіне байланысты қабылданды. Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрлігі базарлардың қызметіне бақылауды күшейтіп, жаңа жұмыс стандарттарын енгізуде.
Ведомствоның мәліметінше, жаңғырту бағдарламасы аясында 2025 жылы ел бойынша 100 базарды жаңарту жоспарланған, оның ішінде Алматы облысындағы 11 нысан бар. Жаңғырту жұмыстары басталмаған немесе кестеден едәуір артта қалған нысандар бойынша өңірлерде арнайы жол карталары бекітілді.
Жаңғырту мерзімін ұзартумен қатар, сауда базарларына арналған бірыңғай ұлттық стандарттар енгізілуде. Жаңа талаптар санитариялық, өрт қауіпсіздігі және қала құрылысы қауіпсіздігі мәселелерін, сондай-ақ кәсіпкерлер мен келушілер үшін қолайлы жағдай жасауды қамтиды.
Өзгерістер ішкі сауда қағидаларына да қатысты. Енді базарлар үшін бірыңғай жұмыс регламенттері, басқарушы компанияларға қойылатын талаптар және жалдау шарттарын жасасудың стандартталған тәртібі белгіленеді.
Бақылауды күшейту мақсатында тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтарына қосымша 11 талап енгізілді. Сонымен қатар, жобалық құжаттаманы келісумен, өрт және санитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша консультация берумен, сондай-ақ ресурспен жабдықтаушы ұйымдардан техникалық шарттар алуға жәрдемдесумен айналысатын жұмыс тобы құрылды.
Нысандарды пайдалануға беру мерзімдері кейінге шегерілген жағдайда, ведомствоаралық топ сауда орындарына деген қажеттілікті алдын ала анықтап, жалға алушыларды орналастыру үшін балама алаңдарды қарастырады.
Алматы облысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтамаған нысандармен жұмыс жүргізіп жатыр. Базар иелеріне анықталған бұзушылықтарды жою және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде нұсқамалар жолдануда.
Жаңа шаралар сауда инфрақұрылымының сапасын арттыруға, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның сауда саласында бірыңғай жұмыс стандарттарын қалыптастыруға бағытталған.