TSPM
logo
Артқа

Қазақстанда сауда саласына инвестиция көлемінің күрт өскені тіркелді

Қазақстанда сауда және онымен байланысты салаларға инвестиция тартудың оң динамикасы сақталуда. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында тиісті бағыттарға салынған инвестициялар көлемі 637,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға артты.

Инвестициялық белсенділіктің өсуі еліміздің бірнеше өңірінде байқалды. Өсімнің ең жоғары қарқыны Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында, Қостанай облысында, Абай облысында, Маңғыстау облысында және Алматы қаласында тіркелді.

Алматы елдегі инвестициялық белсенділіктің ірі орталықтарының бірі болып қала береді. 2026 жылдың алғашқы жеті айында қалаға 204,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың елеулі көлемі Түркістан облысында да тіркеліп, 88,7 млрд теңгені құрады.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша инвестициялар құрылымында ең жоғары үлес көтерме және бөлшек саудаға тиесілі — 246,6 млрд теңге. Сонымен қатар қаржы және сақтандыру қызметіне, жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқаруға, сондай-ақ ғимараттарға қызмет көрсету және аумақтарды абаттандыру салаларына да қомақты инвестициялар бағытталуда.

Инвестициялар көлемінің өсуі Қазақстандағы сауда инфрақұрылымының дамуы мен заманауи сауда форматтарының кеңеюі жалғасып жатқанын көрсетеді. Жаңа инвестициялар коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығын дамытуға, жаңа сауда нысандарын құруға және бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инвестициялар тарту, жобаларды сүйемелдеу және еліміздің заманауи сауда инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруда.