Қазақстандық тауарларға дүкендердегі ең жақсы сөрелерді беруге міндеттейді
Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау шаралары күшейтіледі: сауда желілері дүкен сөрелерінде қазақстандық тауарлардың болуын қамтамасыз етуге міндеттеледі, ал өнімдерге «Қазақстанда жасалған» белгісі қойылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді.
Қолданыстағы заңнамалық шараларға сәйкес, сөрелердегі орынның кемінде 50%-ы отандық азық-түлік тауарларына, ал кемінде 30%-ы азық-түлік емес өнімдерге берілуі тиіс. Сонымен қатар қазақстандық тауарлардың әрбір тауар санатындағы міндетті үлесін қарастыратын қосымша өзгерістер әзірленді.
Отандық өнімдерді сауда нысандарындағы сұранысы жоғары сөрелерге орналастырып, «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен ерекшелеу жоспарлануда. Сондай-ақ жаңа өндірушілерге арналған бөлек сөрелер мен «жасыл сөрелер» құру көзделген. Осындай талаптарды қазақстандық электрондық сауда алаңдарына да қолдану жоспарлануда.
Министр сауда желілеріне отандық өндірушілермен тауар жеткізу туралы шарт жасасудан негізсіз бас тартуға тыйым салынғанын да атап өтті.
Жаңа шаралар заманауи бөлшек саудада қазақстандық тауарлардың үлесін арттырып, жергілікті өндірушілердің ірі сауда желілері мен онлайн-платформаларға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.