TSPM
logo
Артқа

«Made in Kazakhstan» шекарасын кеңейтуде: енді сауда хабы Моңғолияда

Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге арналған сауда хабы ашылады. Сонымен қатар, сауданы қаржыландыру аясында шамамен 21 млн АҚШ долларына қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу бойынша үш мәміле пысықталуда, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Астанада өткен Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысында ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова биылғы жылы KazTrade ұйымының моңғолиялық серіктестермен келісімдерге қол қойғанын мәлімдеді. Осы келісімдер негізінде Ұлан-Баторда қазақстандық өнімдерді тұрақты түрде таныстыруға арналған сауда алаңы құрылды.

– Ұлан-Баторда сауда хабын құрып қойдық. Жақын арада оның ресми ашылуы өтеді. Онда қазақстандық өнімдер ұсынылады, – деді спикер.

Қазақстан тарапы моңғолиялық серіктестерге Моңғолия өнімдерін ілгерілету үшін елімізде де осындай сауда кеңсесін ашуды ұсынды.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – сауданы қаржыландыру. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Моңғолияның Trade and Development Bank банкімен жұмыс істей бастады. Аталған банк үшін 33 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру желісі мақұлданды. Қазіргі уақытта осы желі аясында шамамен 21 млн АҚШ долларына қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу бойынша мәмілелер пысықталуда. Айжан Бижанова бұл мәмілелерді алғашқы пилоттық жобалар деп атап, олардың сәтті жүзеге асырылуы осы тетіктің одан әрі дамуына ықпал ететінін айтты.

Қазақстан сондай-ақ Моңғолияның басқа банктерін де осы тетікке қосуға мүдделі және оларды қаржыландыру шарттарына икемділікпен қарауға шақырады. Спикердің айтуынша, келісімнің басты мақсаты – бизнес үшін сауданы қаржыландыру мүмкіндіктерін қолжетімді етіп, екі ел арасындағы өзара сауда көлемін ұлғайту.

Отырыс барысында көлік-логистика мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 16%-ға өсті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі 52%-ға артып, 17,3 мың тоннаға жетті.

Қазақстан мен Моңғолия астаналары арасында тікелей әуе қатынасы ашылған. Сонымен қатар, тараптар теміржол және автомобиль бағыттарын, оның ішінде Қытай аумағы арқылы өтетін маршруттарды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруда.

Сондай-ақ Қазақстан – Ресей – Моңғолия бағытына және өзара сауда мен транзит көлемін арттыруға мүмкіндік беретін көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.