Ташкенттегі ірі сауда орталықтарында кітап дүкендерін ашу міндетті болады
Өзбекстанда кітап мәдениетін дамыту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі кешенді шаралар бекітілді, деп хабарлайды Uznews. Тиісті қаулыға ел Президенті Ташкент қаласын 2026–2027 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасы аясында қол қойды.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – ауданы 5 мың шаршы метрден асатын сауда орталықтарында кітап дүкендерін ашуды міндеттеу. Бұл бастама кітап өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға және қаланың мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, құжатта Ташкенттің танымал серуендеу аймақтарында тәулік бойы жұмыс істейтін «кітап көшелерін» (Kitob ko‘chalari) құру, сондай-ақ тұрғын аудандарда, базарларда, ірі сауда орталықтарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде кітап павильондары мен Book Cafe ашу мүмкіндігі қарастырылған.
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бос тұрған мемлекеттік ғимараттар кітап дүкендерін ашу шартымен бес жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Өзбекстан астанасында Tashkent Book Fest халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі, «Ең көп кітап оқитын аудан» байқауы және кітап оқуды насихаттауға бағытталған өзге де жобалар тұрақты түрде өткізілетін болады.
Мұндай формат TSPM. сауда орталықтарында да әлдеқашан жүзеге асырылған. Dostyk Plaza мен Shymkent Plaza сауда орталықтарында келушілерге кітаптардың, шығармашылыққа арналған тауарлардың және білім беру әдебиеттерінің кең таңдауын ұсынатын «Меломан» кітап дүкендері жұмыс істейді. Бұл сауда орталықтарының келушілері үшін қосымша құндылық қалыптастырады.