Сауда саласы Қазақстан экономикасындағы жұмыспен қамту бойынша көшбасшылықты сақтап отыр
2025 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халық саны 9,3 млн адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110 мың адамға артты. Өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен қамтамасыз етілді: олардың үлесі 77%-ды (7,2 млн адам) құрады, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 23% (2,1 млн адам).
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елдегі ең ірі жұмыс беруші – сауда секторы. Бұл салада барлық жұмыспен қамтылғандардың 17%-ы немесе 1,57 млн-нан астам адам еңбек етеді. Осылайша, сауда еңбек нарығының негізгі сегменті және экономикадағы ең ірі жұмыспен қамту саласы мәртебесін сақтап отыр.
Жұмыспен қамтылғандар саны бойынша екінші орында білім беру саласы – 13,2% (шамамен 1,22 млн адам). Өнеркәсіпте экономикалық белсенді халықтың 12,5%-ы, ауыл шаруашылығында – 10,3%-ы жұмыс істейді.
Көлік-логистика және қоймалау секторында жұмыспен қамтылғандардың 7,2%-ы, құрылыс саласында – 6,8%, денсаулық сақтау саласында – 6,6% еңбек етеді.
Жұмыспен қамту құрылымы тұтынушылық және әлеуметтік салаларда еңбек ресурстарының тұрақты шоғырлануын көрсетеді. Нарық үшін бұл сауданың іскерлік белсенділік пен ішкі сұраныстың негізгі драйвері ретіндегі жоғары рөлін, сондай-ақ әлеуметтік секторға түсетін жүктеменің сақталып отырғанын білдіреді.