DHL Алматыдағы D43 бизнес-орталығынан 1,3 мың ш.м кеңсе алаңын жалға алды
DHL International Kazakhstan компаниясы Алматы қаласындағы Достық даңғылында орналасқан D43 бизнес-орталығынан жалпы ауданы 1,3 мың шаршы метр болатын кеңсе алаңын ұзақ мерзімге жалға алу туралы келісім жасады. Мәмілені Bright Rich | CORFAC International компаниясы консультант ретінде сүйемелдеді.
DHL — 1969 жылы АҚШ-та құрылған әлемдегі ең ірі халықаралық логистикалық операторлардың бірі. Компания 220-дан астам елде қызмет көрсетіп, жаһандық жеткізу тізбектерін қамтамасыз етеді және экспресс-жүк тасымалына маманданған. DHL-де 600 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, ал топтың 2024 жылғы кірісі 84,2 млрд еуроны құрады.
Мәміле қатысушыларының мәліметінше, оператор Алматының орталық бөлігінен көшуге байланысты ұзақ мерзімге кеңсе іздеген. Негізгі талаптардың бірі — жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізбей, толық дайын «под ключ» форматындағы кеңсе алу болды. D43 бизнес-орталығының меншік иесі DHL-дің корпоративтік дизайн-жобасына сәйкес әрлеу жұмыстарын орындап, кеңсені жалға алушыға толық дайын күйінде тапсырады.
Сарапшылардың айтуынша, әрленген кеңселер форматы Қазақстан нарығында ең сұранысқа ие шешімдердің біріне айналып келеді.
«Соңғы бірнеше жылда дайын кеңселерге сұраныс айтарлықтай өсті. Компаниялар жөндеу жұмыстарына өздері инвестиция салуға дайын емес, себебі бұл едәуір шығынды талап етеді және негізгі қызметтен алаңдатады. Ал меншік иелері үшін әрлеу жүргізу объектінің өтімділігін арттырып, кеңсені жоғары мөлшерлемемен жалға беруге мүмкіндік береді», — деп түсіндіреді Bright Rich | CORFAC International Kazakhstan серіктесі әрі директоры Артемий Пестовский.
D43 — Алматының тарихи әрі іскерлік орталығында (Медеу ауданы), «Алмалы» метро станциясының маңында орналасқан заманауи бизнес-орталық. Ғимараттың жалпы ауданы 6,2 мың шаршы метрді құрайды. Достық даңғылының бірінші желісіндегі тиімді орналасуы, озық инженерлік жүйелері және басқарудың жоғары сапасының арқасында D43 халықаралық бизнес үшін Алматыдағы ең тартымды алаңдардың бірі болып қала береді.
Халықаралық логистикалық оператордың ірі кеңсе блогын жалға алуы Алматының орталық локацияларындағы сапалы кеңселерге сұраныстың сақталып отырғанын растайды. Сонымен қатар бұл мәміле fit-out форматындағы шешімдердің дамуына ықпал етеді, яғни меншік иесі кеңсені жалға алушының талаптарына сәйкес алдын ала дайындап береді.