TSPM
logo
Артқа

Қазақстандағы «Золотое Яблоконың» логистикалық қуаттары төрт есеге артты

«Золотое Яблоко» косметикалық ритейлері Алматыда жаңартылған тарату орталығын (ТО) ашты, деп хабарлайды prodengi.kz. Енді оның аумағы 9,5 мың шаршы метрді құрайды. Қайта жаңғыртудан кейін қойманың қуаты 45%-ға артып, тәулігіне 15 мыңға дейін тапсырысты өңдей алады. Сонымен қатар 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Компания мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бьюти-ритейлер алдағы уақытта Астанада тағы бір тарату орталығын салуды жоспарлап отыр.

Қайта жаңғырту жұмыстары екі кезеңде жүргізілді. 2026 жылы екінші кезең аяқталып, қойма аумағы кеңейтілді. Нәтижесінде тапсырыстарды өңдеу тиімділігі 45%-ға артты. Алайда бұл тек көрсеткіштер ғана емес.

«Бұл жай ғана сандар емес. Біз гендерлік теңдікті қолдаймыз: командамыздың жартысы – әйелдер, жартысы – ерлер. Мұнда Алматы облысының тұрғындары еңбек етеді. Қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған: демалыс бөлмелері, душ кабиналары, үзіліс жасауға арналған аймақтар бар. Тәлімгерлік бағдарламасы жұмыс істейді, бастапқы лауазымнан басшылық қызметке дейін өскен қызметкерлердің нақты мысалдары бар», – дейді логистика жөніндегі директор Андрей Голомидов.

Қойма кеңейтілгеннен кейін тауарларды жеткізу айтарлықтай жеделдеді. Бұрын күніне 8,5 мың тапсырыс өңделсе, қазір бұл көрсеткіш 15 мыңға дейін жетті. Жаңа өнімдер дүкендерге бұрынғыдан тезірек түседі, себебі тауарларды қабылдау уақыты 48 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқарды. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тапсырысты екі сағат ішінде жеткізу мүмкіндігі бар. Ал Астана мен Шымкент дүкендеріне экспресс-жеткізу енді небәрі бір тәулікті алады.

Жергілікті билік өкілдері де жобаның нәтижесіне оң баға беріп отыр.

«Золотое Яблоко» тарату орталығының кеңеюі – облыс экономикасына тартылған тікелей инвестиция. 300-ден астам жұмыс орны құрылды. Осындай жобалар арқылы мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді әріптестік көрінеді. Жаңа тарату орталығы компанияның одан әрі дамуына берік негіз болады деп сенеміз. Айта кетейін, соңғы төрт жылда Алматы облысында логистика саласында 38 жоба іске қосылды. Қазіргі таңда мұндай жобалардың жалпы саны 43-ке жетті. Соның нәтижесінде логистикалық орталықтардың аумағы 17 есеге ұлғайды», – деді Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбол Рахымбаев.

Қойманың сыйымдылығы – 3,4 мың паллет-орын және 6,5 миллионға дейін тауар бірлігі. Ай сайын мұнда шамамен 4,5 миллион дана өнім өңделеді.

«Қазақстан – біз үшін стратегиялық маңызы жоғары нарық, – дейді „Золотое Яблоконың“ логистика жөніндегі директоры. – Мұнда бес дүкеніміз бар, бұл көптеген басқа елдердегі көрсеткіштен жоғары. Қойманы кеңейту тәулігіне 300 мыңнан астам тауарды өңдеуге мүмкіндік берді. Сондықтан еліміздің барлық өңірлеріндегі тапсырыстар бұрынғыдан да жылдам жеткізіледі».

Қазіргі уақытта орталық жергілікті және шетелдік жеткізушілерден тауар қабылдайды, ЕАЭО талаптарына сәйкес таңбалау жүргізеді, бөлшек сауда дүкендері мен онлайн-тапсырыстарға арналған қорларды сақтайды, сондай-ақ сыйлық жиынтықтары мен косметикалық сөмкелерді жинақтайды. Осы жерден күн сайын Қазақстандағы барлық «Золотое Яблоко» дүкендеріне өнім жөнелтіледі.

Өнімдер L’Oréal, LVMH және Estée Lauder сияқты әлемдік жетекші өндірушілерден тікелей жеткізіледі. Сонымен қатар бұл қойма Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріне бағытталған жеткізілімдер үшін транзиттік хаб қызметін атқарады.

«Бізде „Қазақстанда жасалған тауарлар“ атты арнайы санат бар. Жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында түрлі промоакциялар өткіземіз. Мұндай өнімдер тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Қазіргі таңда олардың үлесі жалпы сатылым көлемінің шамамен 18%-ын құрайды және бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді», – деп атап өтті Андрей Голомидов.

Компанияның алдағы жоспарында Астанада аумағы 5 мың шаршы метр болатын екінші тарату орталығын салу бар. Бұл жоба Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне тапсырыстарды жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.