Ташкент облысында құны $900 млн болатын үш логистикалық орталық салынады
Ташкент облысында жалпы құны $900 млн болатын үш логистикалық орталық салу жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды UzDaily.uz. Бұл туралы өңір әкімі Зойир Мирзаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жобалар таныстырылғаннан кейін мәлімдеді.
Құны $100 млн болатын алғашқы логистикалық орталық Ангрен мен Ахангаран аудандарының аумағында салынып жатыр. Жоба Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол желісі іске қосылғанға дейін пайдалануға берілуі жоспарланған халықаралық логистикалық хаб құруды көздейді. Бұл халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Екінші жоба Янгиюль ауданында қазақстандық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Нысанның құны $300 млн, ал аумағы шамамен 150 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта жобаға $144 млн инвестиция тартылған.
Үшінші логистикалық орталық Қазақстанмен шекарада, С. Нажимов атындағы шекара бекетінің маңындағы Қыбрай ауданында салынбақ. Жобаға тартылатын шетелдік инвестиция көлемі $500 млн болады, ал құрылыс жұмыстары 20 гектар аумақта жүргізіледі.
Өңірлік биліктің бағалауынша, үш нысан пайдалануға берілгеннен кейін кемінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Логистикалық орталықтар аумағында қойма және көлік инфрақұрылымымен қатар қызметкерлердің тұруына, демалуына және қызмет көрсетуіне арналған нысандар да орналастырылады.
Бұған дейін Өзбекстан Президентіне Ангрен, Ахангаран және Янгиюль аудандарын транзиттік және сыртқы сауда жүктерін бөлудің негізгі орталықтары ретінде дамыту жоспарлары да таныстырылған болатын. Жобалар аясында А класты логистикалық кешендер салу, теміржол инфрақұрылымын кеңейту, кеден терминалдарын құру, логистикалық процестерді цифрландыру және шекаралық өткізу бекеттерінде «бір терезе» қағидатын енгізу көзделген.
Заманауи логистикалық орталықтарды дамыту Өзбекстанның көлік-транзиттік әлеуетін нығайтуға және Орталық Азиядағы халықаралық сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.